10.23 , 15:09 | 713 рет қаралды
Khabar Cup шағын футбол туринирінің жеңімпаздары анықталды

Астанада Khabar Cup 2017 бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің арасында шағын футболдан үшінші республикалық турнир өтті. Аталған жарыс «Хабар» агенттігінің 22 жылдығына орай өткізілді. Жексенбінің таңында «Астана-Арена» стадионында қызу ойын басталып кетті. «Хабардың» шағын футболдан кубогына таласу үшін 16 командаға бөлінген тілшілер жиналды. Барлық командалар 4 топқа бөлініп, таңғы сағат тоғызда нағыз қызу тартыс басталды. Аталмыш турнир қазақстандық футбол жұлдыздарының назарынан да тыс қалмады. Қазақстан құрамасының экс-капитаны ойынға деген таңқалысын жасырмады.

Қайрат Нұрдәулетов, ҚР футбол құрамасының бас жаттықтырушысының көмекшісі: Мен жігіттердің қалай ойнағандарын көрдім. Олар жай ғана допты қуалап жүрген жоқ, кәдімгідей футболда қолданылатын комбинацияларды көрсетті, жай ойнап емес, ойланып ойнап жүр. Мен өз басым өте ырза болдым. Мұндай турнирлерді жиірек өткізіп тұру қажет.

Түске қарай ширек финалдың ойыншылары анықталды. Жартылай финал матчтарында Петропавлдың «Қызылжар» командасы мен Алматылық Kazakh TV, «Елорда ақпарат» пен «Еларна», «Қазақ радиосы» мен «Қазақстан», «Хабар» мен Dixinews.kz. командалары кездесті.

Серік Жарасбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары: Мұндай жарыстардың кәсіпқой футболшылардың емес, әуесқой футболшылардың арасында, әсіресе бұқаралық ақпарат өкілдерінің арасында өтіп жатқандығы қуантарлық жәйт. Тілшілер спорттың алға қарай жылжуына, дамуына, өсуіне үнемі белсенді түрде қатысып келеді. Сондықтан, мұндай турнирдің өтіп жатқандығы өте маңызды екендігін тағы атап өткім келеді.

Шешуші матчта Kazakh TV командасы «Қазақстан» ұжымынан озып түсіп, жеңімпаз атанды. Dixinews.kz командасы «Елорда ақпарат» ұжымын 2:0 есебімен ұтып, үшінші орынды иеленді.

Жандос Айтпайұлы, Kazakh TV командасының ойыншысы: - Біз жеңгенімізге өте қуаныштымыз. Бұл турнирге барынша дайындалған болатынбыз. Өзімнің аздап сырқаттанып қалғандығыма қарамастан, алаңға шығып, 100% өнер көрсетуге тырысып бақтым. Біз Алматыдан келдік және турнирдің қорытындысы көрсетіп отырғандай, бекерге келмеппіз. Өте қуаныштымыз.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктармен, дипломдармен және медальдармен қатар бағалы сыйлықтар тарту етілді.

Асқат Жакаев, турнирдің ұйымдастырушы комитетінің өкілі: Командалардың санын 16 ға дейін азайту туралы шешім дұрыс болды. Барлық ойын барысы өте қызу тартыста өтті. Командалар ойын алаңында шайқасты деуге болады, жарақат алып қала жаздаған сәттер де болды. Бірақ осы бәсекелестік пен күрестің арқасында жігіттер өздерінің нағыз ерлерге тән мінездерін көрсетті.

Сондай-ақ, номинациялар бойынша үздік ойыншылар да аталды. Үздік қорғаушы - Төреби Нұрланов, шабуылшы - Саттар Бексаттар, қақпашы - Ұлан Төлеуханов, ойыншы - Жасұлан Қасымберкебаев.

www.khabar.kz

 

Өзгеде жаңалықтар