09.22 , 11:53 | 264 рет қаралды
Саян Хамитжанов: «Киевтің «Динамосымен» ойынның нәтижесі әділетті»

«Астана» клубы Еуропа лигасының топтық кезеңінің бірінші турында Киевте «Динамомен» 2:2 есебімен тең түсті. Матчтан кейін «Астана» клубының Президенті Саян Хамитжанов өз пікірін білдірді.

– Киев командасынан өз алаңында ұпай еншілеу оңай емес. Бұл драмаға толы матч болды. Біздің команданың мінез танытқанын ерекше айта кетуіміз керек. Үзіліске шығатын тұста болмашы гол жіберіп алдық. Соған қарамастан соңына дейін берілмей, қажетті нәтижеге қол жеткіздік. Бірінші таймда біз бірнеше мүмкіндікті пайдалана алмасақ, екінші таймда алаң иелері де сондай сәтсіздікті бастан өткерді. Сондай-ақ тең есеп әділетті деп ойлаймын. Топтық кезеңнің алғашқы турында Киевтен ұпаймен қайтып бара жатқанымызға қуаныштымыз. Енді, осы нәтиже командаға алдағы уақтта сенімділік сыйлайды деп үміттенемін. 
– Бүгінгі ойында кімді ерекше атап өтесіз?
– Барлығы да аянып қалған жоқ. Мен бұл жерде біздің бас бапкер Григорий Бабаянды айтар едім. Ол матч соңында ойыншыларды ауыстыруда біліктілік танытып, ойынның тең аяқталуына өз үлесін қосты. 
– «Астанаға» Қазақстан халқы түгелдей дерлік теледидар арқылы қолдау көрсетті десе болады. Сондай-ақ Киевтегі Олимпиада стадионында да «Астана» жанкүйерлері көп болды...
– «Астананың» жетістігі жас қазақстандықтарды біріктіруде. Еуропада оқитын жерлестеріміз үнемі келіп, қолдау көрсетеді. Олар былтырғы маусымда біздің Еуропадағы ойындарда қызу қолдау көрсетті. Енді осы күзде де дәл ойындарымызға келеді деп үміттенеміз. «Астананың» барлық жанкүйерлеріне ерекше алғысымды білдіремін. Біз олардың дауыстарын анық естіп отырдық. Алдағы 4 қазанда Францияның «Ренн» командасымен «Астана Аренада» кездесеміз. Сол ойында стадион лық толы болады деп сенемін. Командаға әрдайым қолдау қажет.
– «Астана» Франция клубымен кездеспес бұрын, Қазақстан чемпионатында 3 ойын өткізеді. Сіз үшін Еуропа лигасының 1/16 финалына шығу маңызды ма? Әлде бесінші рет чемпион болу ма?
– Шыны керек, топтық кезеңнің алғашқы ұпайын еншілеуіміз ертеңімізге сенімділік сыйлайды. Мен үшін топтық кезеңнен шығу чемпиондықтан да маңызды. Өйткені, чемпионатта біз тек өз қаламыздың атынан ғана қатысамыз, ал еурокубокта Қазақстанның намысын қорғап жүрміз. Бұл біз үшін жай ғана мақтаныш ғана емес, сонымен қатар жауапкершілік.

Өзгеде жаңалықтар