04.19 , 9:29 | 533 рет қаралды
Қазақстан Кубогі қолжетімсіз. «Мақтарал» - "Астана" 3:1

 Атакентте өткен кездесуді трибунадан тамашалаған «Астана-Ж» командасының бас бапкері Василий Маруняк елордалық команданың баспасөз қызметіне матч туралы пікірімен бөлісті:

- Ойын тұрғысында қарсылас команда бізден басым болды деп айта алмаймын. Қорытынды нәтижеге жекелей ойыншылардың қателіктері мен «Мақтарал» ойыншыларының физикалық күштерінің үстемділігі тікелей әсер етті. Матч алдында қарсылас ойыншыларының басым тұстарын жігіттерге ескерткен болатынбыз. Бірінші қателікке дейін, біздің командада гол соғатын сәттер болды. Егер кездесуде алғаш болып есеп ашқанда, ойын басқаша өрбіген болар ма еді. Ойын тұрғысында жігіттерге аса бір сын таға алмаймын. Олар қолдарынан келгеннің барлығын жасады. Алайда, соңғы нәтижеге «Мақтарал» ойыншыларының тәжірибесі тікелей әсер етті.

- «Мақтарал» командасы өнер көрсететін Бірінші Лига мен «Астана-Ж» ойнайтын Екінші Лиганың айырмашылығы бүгінгі кездесуде қаншалықты байқалды?

- Не дегенмен, біз бүгін жеңіс үшін келдік. Менің ойыншыларым өздерінің кәсіби деңгейлерін көрсеткенін қаладым. Қайталап айтамын, кездесудегі алғашқы қателікке дейін екі команда бірдей деңгейдегі ойын үлгісін көрсетіп жатты. Бір команданың анық басымдылығы байқалған жоқ. Біз кез келген кездесуге жеңіс үшін алаңға шығамыз. Алайда, әр ойын біздің қалауымыздағы нәтижемен аяқтала бермейді. Егер ойын туралы айтар болсам, біз кездесудегі жылдамдық жағынан қарсыластан еш кем болған жоқпыз. Алайда, жекелей қателіктерге бой алдырып алдық. Команда сапындағы жас жағынан үлкен ойыншылар өз деңгейлеріндегі ойын үлгісін көрсете алмады. Одан бөлек, біз алаңда допты жақсы бақылап, комбинациялық футбол ойнап үйреніп қалғандықтан, бүгінгі кездесуде олай ойнауға алаң сапасы мүмкіндік берген жоқ. Екінші таймда жігіттерден өздеріне үйреншікті футбол ойнауды сұраған едік, дегенмен, жекелей қателіктер қақпамызға соғылған голмен аяқталып жатты.

- Сіз бүгін ойынды трибунадан бақыладыңыз. Бапкерлер отыратын орыннан футбол көру мен трибунадан тамашалаудың айырмашылығы қаншалықты?

- Трибунадан ойыншыларың позициялық қателіктері анық көрініп тұрады. Үзіліс кезінде ойыншыларға осы бір жағдайды ұғындырып, біздің не қалайтынымызды түсіндіруге тырыстық. Бүгінгі кездесуде команда сапынан көшбасшыларды көргім келген, бірақ, олар өздерін көрсете алмады. Біз соңына дейін күрестік, алайда, команданы алаңда алға бастайтын ойыншы табылмады.  4 сағат автобуспен жүріп келгендігіміз және алаң сапасының төмендігі ойын нәтижесіне тікелей әсер еткендігін де жасыра алмаймын.

 

www.fca.kz

Өзгеде жаңалықтар