03.28 , 15:33 | 452 рет қаралды
Қазақстан Люсембургті ойсырата жеңді

Қазақстан 2019 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы жетінші кездесуін Астанада өткізіп, Люксембург-U21 құрамасын ойсырата ұтты. Осыдан төрт күн бұрын Қазақстан жастары Франция талантарынан 0:3 есебімен ұтылып қалған болатын. Бүгін сол еселерін қайтарды. Үш гол соғып, басымдық танытты. Талғат Байсуфинов өткен жолғы ойынмен салыстырғанда негізгі құрамды да, ойын өрнегін де біраз өзгертті. Әбілғазы, Сламбеков және Сәрсенов үшеуінің орнына Тұрсынбай, Шәмші, Антипов секілді жастарымызды шығарып, негізінен үш қорғаушымен ойнады. Рас, қос қапталдағы Қуаныш Қалмұратов пен Александр Соколенко қонақтар шабуылға шыққанда, кері қайтып, қорғаушыларымызға көмектесіп жүрді. Байсуфиновтың осы тактикасының арқасында Қазақ елі жастары көсіле сілтеп, ойынның басында Люксембург-U21 құрамасын тықсырып, қас бүйірден қыспаққа ала түсті. Ойынның жетінші минутында Иван Антипов допты қақпаға әдемі түсіріп, есеп ашқан. Бірақ төрешілер «офсайд болды» деп, оны есепке алмады. Көп ұзамай «Қайраттың» қос қорғаушысы көпшілікті тәнті қылып, есеп ашты. Соколенконың оң қанаттан әуелете асырған добын Ян Вороговский басымен қақпаға дөп түсірді. Алдындағы қорғаушыдан айласын асырды. Үш минуттан кейін Қазақстан құрамасы тағы бір гол соғып, есепті еселей түсті. Люксембург қақпашысы допты қағып ала алмай қолынан шығарып алды да, оны Антипов Вороговскийге ысыра салды. Ян қарауылсыз қалған қақпаны дәл көздеді. Есеп – 2:0. Бұл ойынның небәрі 13-минуты болатын. Алайда бұдан кейін қонақтар қорғаныстарын күшейтіп, жанкештілік танытты. Ойынның бірінші жартысы осылай аяқталды. Үзіліс кезінде қонақтар екі ойыншысын алмастырып, екінші таймда бекіністерін одан әрі күшейтті. Қазақстан жастары да аянған жоқ. Шабуылды үдете түсті. Бірақ гол соғудың сәті түсер емес. Кейде өздері асығады. Ал кейбір сәттерде Люксембург қорғаушылары алдарын орап кетіп отырды. Десек те, 73-минутта қонақтардың қорғаушысы допқа ұмтылған Антиповты шалып жығып, төреші пенальти берді. Әрі Люксембург-U21 құрамасының орталық қорғаушысын алаңнан қуды. 11-метрлік айып соққысын Максим Федин мүлтіксіз орындады. Сөйтіп, қонақтар 10 ойыншымен қалды. Бір футболшысы артық Қазақстан-U21 құрамасы тағы бір-екі гол соғар деп үміттендік. Бірақ оның қисыны келмеді, сәті түспеді. Қонақтар қорғаныста мұқият ойнап, жанкештілік танытты. Әрі біздің жігіттер де шаршаңқырап қалғандай болды. Әйтеуір ойынның басындағыдай құстай ұшып, құйындай орап соға алмады. Әйтсе де, үш доп айырмасымен басым түсіп, көрермендер қошаметіне бөленді. Бұл – Қазақстан-U21 құрамасының аға жаттықтырушысы Талғат Байсуфиновтың алғашқы ірі жеңісі.       

Қазақстан-U21 – Люксембург-U21 – 3:0 (2:0)

Голдар: Вороговский, 10. Вороговский, 13. Федин, 73-пенальтиден.

Ескертулер: Шәмші, 56. Вороговский, 63 – Сакра, 51. Эверт, 63. Шаус, 77.

Алаңнан қуылды: Сакра, 71. Қазақстан-U21: Зәкіров, Мәжитов, Әбікен, Тұрсынбай (Султанов, 78), Шәмші, Қалмұратов, Соколенко, Вороговский, Жұматов (Наджарян, 76), Антипов, Федин (Бақтияров, 85). Люксембург-U21: Рулез, Да Граса Диас, Сакра, Бранденбургер, Эверт, Дурьятти, Коуту Пинту (Куэте, 73), Шаус, Б.Муратович (Прюдомм, 46), Тинелли (Авдусинович, 46), Э.Муратович.

Төрешілер: Щербаков, Хомченко, Романов (бәрі де – Беларусь) 27 наурыз. Астана. «Астана Арена».

Ойынның қысқаша статистикасы: Соққы: 14 – 3 Тура соққы: 5 – 2 Қиыс кеткені: 9 – 0 Тойтарылғаны: 0 – 1 Бұрыштама соққылар: 6 – 2 Офсайдтар: 4 – 1 Ескерту (сары қағаз): 2 – 4 Алаңнан қуылды (қызыл қағаз): 0 – 1 Ереже бұзу: 16 – 13

Өзгеде жаңалықтар